Среда, 17 10 2018
Войти Регистрация

Login to your account

Username *
Password *
Remember Me

Create an account

Fields marked with an asterisk (*) are required.
Name *
Username *
Password *
Verify password *
Email *
Verify email *
Captcha *

Бахытжан Майтанов. Қ. М.О. Әуезов Пушкин мен Абай шығармашылығының сабақтастығы туралы.

Мұхтар Әуезовтің Жидебай өңіріндегі бала күнінен таныс А.С. Пушкин есімімен бетпе-бет кездескендей тым жақын ұшырасатын шағы – Ленинград университетінде оқыған жылдары болса керек (1923-1928 жж.). Соңғы кездері “М.Әуезов үйінің” қолжазба қорындағы 238-бумадан бұрын еш жерде жарияланбаған “Экспозиция и завязка символической драмы (пьесы Метерлинка, Ибсена, Гауптмана и Л.Андреева)”, “Поэзия чистого искусства 60-х годов” және “Особенности драматургических приемов Пушкина” атты шағын зерттеулер табылып, жазушының 50 томдық академиялық басылымында жарияланды (1.19-22). Осы қатарда “Драмы Чехова” деген мақала да бар. Тәрізі, бұл еңбектер ғылыми жиындарда жасаған баяндамалар болса керек. Аталған дүниелер теориялық негізінің тереңдігімен, М. Әуезовтің орыс тілді туындыларына тән айшықты, оралымды стилімен ерекшеленеді.

Соншалық ересек, зерделі жанар, мол жинақтаушылық қарым А.С.  Пушкин жайлы зерттеуге де етене тән. Талдау нысанына “Борис Годунов” пен “Пир во время чумы” трагедиялары алынады. Жас М.Әуезов сол кездегі Козьмин, Яковлев, Баранов, Сиповский сияқты оқымыстылардың ұстанымдарына көңілі толмай, А.Пушкинді әлемдік әдебиет көлеміндегі көркемдік-эстетикалық жетістіктермен сабақтас қарастыруға мән береді. Ол таза орыстық үлгіде жазылған “Борис Годуновта” әйгілі үш бірлік тирадасының өзгеріске түсуін үлкен жаңалыққа балайды. Драманың композициялық құрылымын саралай келіп, А.Пушкин шығармасындағы орталық тұлғаның тасада тұруын, халық бейнесінің антикалық театрдағы хор міндетімен ұштасып жатуын да тың шешімдердің қатарына жатқызады. Бұл ретте диуана тұлғасының қаламгерге хас сайқымазақ сарынын жүзеге асыруға үлес қосқаны аталып өтеді. Ал Пушкин монологтарындағы лирикадан кейіпкерлер еркінің бетперделену көріністерін байқап, таразы басына тарту – білім мен интуиция құдіретіне айғақ деректер. М.Әуезов А.Пушкин трагедияларының басты жетістігі кереғарлық ұстанымын меңгеру және мінездердің психологиялық иінін келістіру шеберлігімен байланысты екеніне айрықша мән береді.

А.С. Пушкиннің қайтыс болуына 100 жыл толуы қарсаңында 1936 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде “Пушкинді қазақшаға аудару тәжірибелері туралы” жазған М.Әуезов 1937 жылы қаңтарда “Социалды Қазақстан” газетінде “Евгений Онегиннің” қазақшасы туралы” (2.6-16) мақала жариялайды. Алғашқы мақаладағы келелі ой кейінгі мақалада Ілияс Жансүгіров тәржімасы төңірегінен асып, жалпы көркем аударма теориясы мен практикасына қатысты терең бағдарламалық тұжырымдамаларға ұласады. Туған әдебиетінің өрісін жайып, құлашын кеңге салуы үшін әлем әдебиетінің үздік үлгілерімен танысудың маңызы зор екенін жетік түсінетін қаламгер бұл орайда көркем аударма өнеріне артылар жүктің ауырлығын әбден түсінеді. Өзі “сөзбе сөз аударма”, “жаман көпір” дейтін “подстрочниктің” роліне көңілі толмайды. Одақтық әдебиет көлеміндегі тәржіма ісінде орын алған озық дағдыларды меже тұта келіп, кейбір жас ақындардың түпнұсқадан ауытқу мезеттерін, өз жанынан сөз қосу, сөз алу әдеттерін дұрысқа санамаған.

Автор Еуропа тіршілігінен, ақсүйектер өмірінен алынған дүниенің қыр қазағы үшін жұмбақ қасиеттері мол екенін әрдайым есте ұстайды. Сан алуан өзге өркениет жемістері, топонимикалық, тарихи атаулар, басқа жұртқа ғана түсінікті есімдер, әрекет, тұспал, ишаралар баламасын таптырмай, ой сенделісіне салары анық. Классиканы аудару ісіндегі екі қиындық баса айтылған. Бірі – түпнұсқаны дәл беремін деп, өзге жүйедегі өлшемге қатып қалып, не ол жағада қалмау, не бергі жағаға шыға алмау. Бұл шығармашылық даралыққа жетелемейді, тақтадағы жазуға телмірткендей көз алдындағы үлгінің құлақкесті құлына айналу. Екіншісі – нысанаға сырттай көз сап, көңілге жаққанын назарға ұстап, қалғанын қиялмен әшекейлеу. Бұл – түпнұсқа ерекшелігін жоққа шығару, жаңа жапсырмалардың ұлттық сипаттан әрі шынайылықтан  ада болуы.

1954 жылы жарық көрген “Қазақ халқының ұлы ақыны” атты зерттеуінде М.Әуезов: “Абайдың Пушкинге көзқарасында бүтіндей бір өзгешелік бар. “Евгений Онегин” үзінділері аудармадан гөрі, Пушкин романын шабыттана әңгімелеуге ұқсайды. Бұл ретте Абай Шығыс поэзиясында ертеден қалыптасқан “нәзира” үлгісін қолданып, өзінен бұрынғы ақындардың тақырыбы мен сюжетін жаңаша баяндайды” (3.54) – деп жазады. Абай Науаи тәжірибесін негізге алып, “Ескендірді” жырлағандай тәсілін “Евгений Онегинге” де пайдаланады. Зерттеуші А.Пушкин сомдаған орбраздардың поэтикалық асқақтығы мен мейлінше шынайылығына қазақ шайырының таң қалу үстінде осы бағасы бөлек асқақ көріністерді ұлттық өмір салтына жақын жырлауға ден қойғанын қадап айтады.

Ғалым Пушкиннің қыр халқына орасан зор әсерін аңғарту мақсатымен нақты мысалдар келтіреді. Ол Абайдың А.С.Пушкинді салыстырмалы түрде көп аудармағанын ескерте келіп, ұлы ақындардың рухани тамырластығы осымен шектелмейтінін атап өтеді де, мынандай факторларды түстеп танытуға ұмтылады: “Оның лирикалық ойға шомуларында, табиғат суретін реалистікпен беруінде, махаббат иесі әйелдің жүрегін терең түсінуінде, әлеуметтік сарындардың адамгершілік үнінде Пушкиннің көптеген сипат белгілері бар” (3.54).

М.Әуезовтің “Пушкин мен Абай” атты арнайы мақаласы 1950 жылы Абайдың туғанына 105 жыл толуына арналған. Бұл еңбектің “Абай жолы” романындағы халықтар достығына қатысты эпизодтарды көрсететін тұстарға қажеттілік мәні де болғанын білеміз. М.Әуезов үшін Пушкин мен Лермонтов Абайға қоғамдық мерезді шенеу тұрғысынан Некрасов пен Салтыков-Щедриннен артық әсер етпеген. Ал махаббат, көңіл-күй лирикаларындағы әсемдік сымбат ыңғайымен қарағанда Абай ұлы ұстаздарына көзсіз еліктеуші емес, иықтас, теңдес дәрежеде жарыса ой түзуші, сыр жаюшы есебінде қабылданады. Абайдың 1887 жылдан бастап тәржіма туындыларға ықылас бергенінен құлағдар ететін оқымысты күн сайын саны арта түскен бұл дүниелердің ақын шығармашылығына тікелей және сол арқылы қазақ тілді жазба әдебиетке тигізген мәдени ықпалының ара-жігін ажырата сөйлейді. А.С.Пушкиннің тұтас бітімді романын дала шайыры бөліп-бөліп, жеке үзінділер түрінде қотарады. “Онегиннің сыпаты”, “Татьянаның хаты”, “Онегиннің ойы”, “Онегиннің сөзі”, “Онегиннің хаты”, “Татьянаның сөзі”, “Ленскийдің сөзі” деген дара туындылар қазақ үшін толық таныс емес мотивтерден оқшаулап алынған таза махаббат әлеміне қатысты қуатты сезім драматизмін әлдеқайда қызықты, ғажайып романтикаға орап, ұлғайта, шерлендіре жеткізеді. Абайдың Пушкинді дәлме-дәл қайталамайтынын еске салған М.Әуезов қазақ шайырының түпнұсқамен салыстырғанда көп еркіндігіне, сонымен қатар қайсыбір тіл оралымдарын, троп, фигура түрлерін де шебер жеткізетін поэтикалық тыңғылықтығына да көңіл аударады. Ал А.Құнанбаевтың Онегин өмірін тығырыққа тірейтін жаңа қадам ойлап қосуы – характерлер логикасына сай шешімдердің тың баламасын ұсыну әрі оқиға сорабын, тартыс табиғатын ұлттық қабылдау ерекшелігі. Капиталистік қоғамдағы орыс тіршілігінде реализм басымдық танытса, шығыс дәстүріндегі дала перзенттері үшін асыл махаббаттың шұғыл, өзгеше соқталы көріністері неғұрлым әсерлі. Абай Онегинге соңғы сөз береді, ол өмір мен өлу мәселесін дилемма қалпында ұстана бастайды. М.Әуезов осы көркемдік-эстетикалық ұйғарымдардың астарында жатқан эмоционалдық жағдайдың арасында зерделену мүмкіндіктері аясындағы “күту көкжиегін” терең сезініп, Абай әрекетінің суггестивті мұқтаждықтар талабынан туындағанын жаңашыл бастама ретінде ұғындырады. Әрі ол – шайырдың интуитивті тапқырлығы, әрі ол – ерікті күйдегі сол сәттік шабыт пен ер-тұрманы берік таланттың сәтті қосындысы.

М.Әуезов үшін сахара ғұламасының Онегинді романдағы сұлбасындай жеңілтек, сырдаң танытпай, қазақ тыңдаушысының талғам-тілегіне сай өз ісі үшін қамығатын мұңды, қапалы жан етіп бейнелеудегі тағлым-танымдық, ақындық көрегендік айрықша бағалы. Ол бұл ыңғайда Абайдың Онегин турасында неғұрлым халықшыл аңсардан табылуына В.Г.Белинский еңбектерінің ролі мол болғанын жоққа шығармайды. Басқа бір себеп дала жастары үшін сыбай-салтаң, паң-кердең, суық жүректі Онегиннен гөрі турашыл, сыншыл, әділетті Онегин қадірлі болғанын түсінумен тамырлас.

Өлең құрылымы жағынан келгенде зерттеуші айқын аңғарымпаздықпен ой түйеді: “1889 жылға дейін Абайдың өзі жазған өлеңдерінде Татьянаның хатындай немесе соңғы жауабындай және де Онегиннің “Құп білемін сізге жақпас” деген хатындай өлеңді ұшырата алмаймыз. Бұл өлеңдерде Абай бұрын қолданбаған тың түр табады. Онысы – шалыс ұйқасты қолдану. Ырғақ жағынан да Абай Пушкиннің қысқа жолдарына жақын отыруға тырысады” (4.10).

Демек, өлең ырғағы мен ұйқас болмысындағы жаңа өрнек әдеттегі қара өлең не жыр үрдісіндегі ой-сезім үдерісіне де өзгешелік әкеледі. Эмоционалды-экспрессивті сөз ағымында көңілге тән бұрылыс, иірім соқпақтары әдемі нақыш шекиді. Абай орыс әріптесіндегі дәлдікке оралма жолмен, бірақ қайтарма қарым, әдіс-тәсілдермен бару арқылы жалпыхалықтық құндылықтардың дара этнопсихологиялық айшықтарын әсем көмкере білгені анық.

Автор орыс пен қазақ арасындағы ментальдық ерекшеліктерді теңдес дәрежеде жеткізуде христиан діні мен мұсылман діні аясындағы әліптес терминология мүмкіндіктерін игеруді ұлы Абайдың табысына санай отырып, “михраб”, “ғұзір” іспетті сөздердің ақын поэзиясында ұлттық бояумен қанығу мезеттерін ұтымды факторға жатқызады.

М.Әуезов “Народность и реализм Абая” деген мақаласында Пушкин, Лермонтов, Крыловтың қазақ ақынына көркемдік шеберліктің ғана емес, әдеп-салт, өнеге тұрғысынан да ұстаз болғанын атап айтады. Ал М.Әуезов “Пушкин и братские литературы советского востока” атты еңбегінде қазақтың ақын-жазушылары Пушкиннен идеялық-эстетикалық биік тұғыр ғана емес, эстетикалық ажар, стилистикалық амал-айшықтар, табиғатты суреттеу, махаббатты жырлауда қызу жандылық пен әшкере-кекесін үрдістерін үйренгенін тілге тиек қылады.

Пушкин тақырыбы “Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы” атты арнайы монографияда да, ұлттық поэзия мен қазақтың ұлы ақынына қатысты ой-толғамдардың бәрінде дерлік лайықты ілтипат, ізетпен көрініс табады. М.Әуезов орыс ақынының шығармашылығы қазақ тұрмысына өресі жоғары мәдениет, ізгіліктілік сипат дарытқанына жиі тоқталады. Ол Абай поэзиясының ішкі мазмұнындағы өзгеше тынысқа байланысты “мәдениет” сөзін мол пайдаланады. Сол арқылы қазақ ақынының өнеріндегі дәстүрлі сарыннан аулақ, өткенге қарағанда келешекке көбірек көз тастайтын, жігерлі, ер мінезді әрі нәзік пернелі, медитативтік сапасы басым шығармаларды мегзесе керек. “Мәдениеттілік” дегенде Мұхтар Әуезов әдебиеттегі жалпылама суреттеуден гөрі нақтылап адам жанына үңілушіліктің айқын жемісін ұсынады. “Мәдениеттілік” аясына М.Әуезов автордың орта мен лирикалық қаһарманына саналы әрекет, күрделі қақтығыс сыйлау жолымен терең психологизм арнасына бет алуын жобалайды. Осы атау ауқымында әр ұлттарға тән өмір орамдарындағы ортақ рухани жарасым, философиялық мұғдар, этикалық араласым, эстетикалық тұтыну тамырластығын қаперде ұстайды. Бұл ыңғайда өлең пішініндегі жаңалықтар мен ой шатқалдарындағы қия-қалтарыс шектеулі назар емес, кең ауқымды көзқарасқа, акустика мен мағына үйлесіміне арқа сүйейтіні әбден ескеріледі. М.Әуезов пайымдауында А.Пушкин қазақ санасының төрінен орын алып, әлемдік руханияттың даладағы сұлулық мұнарасына айналады.

Әдебиеттер:

 

1. Әуезов М. Особенности драматургических приемов Пушкина // Әуезов М. Шығармаларының 50 томдық толық жинағы. 20-т. – Алматы: Жібек жолы, 2005. –19-29-бб.

2. Әуезов М. «Евгений Онегиннің қазақшасы туралы» // Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 12-т. – Алматы: Жібек жолы, 2005. – 6-16-бб.

3. Әуезов М. Қазақ халқының ұлы ақыны // Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 18-т. – Алматы: Жазушы, 1985. – 54-б.

4. Әуезов М. Пушкин мен Абай // Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 19-т. – Алматы: Жазушы, 1985. – 10-б.

Прочитано 631 раз
Авторизуйтесь, чтобы получить возможность оставлять комментарии