Среда, 17 10 2018
Войти Регистрация

Login to your account

Username *
Password *
Remember Me

Create an account

Fields marked with an asterisk (*) are required.
Name *
Username *
Password *
Verify password *
Email *
Verify email *
Captcha *

Шериаздан Елеукенов. М.Әуезов шығармаларының Ресей және тмд елдерінде бағалануы

Бұл тақырыпты зерттеуге кіріскенде алдымен қолға алатын шығарма – мәскеулік профессор, филология докторы Николай Анастасьевтің «Молодая гвардия» баспасынан  даңқты «ЖЗЛ» («Өнегелі өмір») сериясынан 2006 жылы жарық көрген  «Мухтар Ауэзов» атты кітабы. Оның себебі бірқатар. Біріншіден, ұлы жазушымыздың өмірі мен шығармагерлігін дәл осылай тұтастыра қарастырған  кітап орыс, қазақ тілінде ұзақ жылдар бойы жарық көрмеген. Оның бер жағында соңғы жылдары әуезовтанудан жарияланған зерттеулердің ішіндегі ең көлемділігі үстіне, мазмұны ең құнарлысы да осы туынды. Мұны – екі дейік. Үшіншіден, бұл еңбектің авторы Батыс әдебиетінің ең алғыр да алымды зерттеушісі болғандықтан, ғұмыры өткен социалистік реализмнен бас тартқаннан кейінгі жерде, әдебиетіміздің қазіргі даму заңдылықтарына саймасай ғылыми үрдіс ізденуімізге септігі тиюі мүмкін...  

         Осының алдында ғана Николай Аркадьевич Анастасьевтің «Небо в чашечке цветка. Абдижамиль Нурпеисов и его книги в мировом литературном пейзаже» (2004) деген кітабымен танысқанбыз. Ол жайында азын-аулақ пікір де айтылған [1]. Бұл ғалымның Эрнест Хэмингуэй, Уильям Фолкнер, Владимир Набоков секілді әлемге әйгілі жазушылардың аса білгір зерттеушісі саналатынын, «ЖЗЛ» шоғыры бойынша әрқайсысы хақында кітап  шығартқанын білетінбіз.

Батыс және орыс әдебиетінің бесаспап маманын «қолға түсіру», оның назарын қазақ әдебиетіне бұру оңай шаруаға жатпаса керек. Ондай істі туған әдебиетіміздің шын жанашыры ғана атқара алмақ. Ол кім дейтін емес. Мұхтар Құл-Мұхамет. Үлкен жауапты жұмыстардың қайнаған ортасында сіңбіруге шамасы келмей жүрсе де, әйтеуір уақыт тауып, орыс ғалымына әуезовтанудан бай мағлұмат беруі үстіне, жанына тағы бір кеңесші етіп Мұрат Әуезовті шақырып, бұл аздай болашақ кітап авторына Абай-Мұхтар елін аралауға қолқабыс етіп, 2007 жылы яки  кітабын бір жыл өтер-өтпес «Трагедия триумфатора» деген атпен қайта бастыртып, әрі ол кітап туралы көлемді мақала жазып үлгерген [2] халқымызға әйгілі азамат. Мақаласын ғылыми-очерк стилінде сөйлете отырып, Анастасьевтің шын мәнісінде де мақтауға тұрарлық еңбегін коммунистік идеологияның стереотипін қайталап күйіс қайыратын зерттеулерге қарсы қойып, үздіктің үздігі атайды.

         Анастасьев, айтты-айтпады, –  еңбекқор ғалым. Материал тапқыш, оны ілезде қорытып, апыл-құпыл тез жазғыш. Әбдіжамил туралы кітабынан соң араға екі жылдай уақыт салды ма, салмады ма,  ең ірі жазушымыз Әуезов жөнінде көлемді де өрелі кітап бастырту екінінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

         Анастасьев өзінен бұрын Әуезов бейнесін биік тұғырға қойған еңбектерге теріс қарамайды.  Өткен тарихтың бәрін аяқ асты етіп,  аузына не келсе соны соға беретін бүгінгі талғамсыздыққа жуығым жоқ. Әуезов, сөз жоқ, классик, энциклопедияшы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі дей келе, оның өмірі мен шығармагерлігін тексеруге өз басы қай қырынан келгенін былайша тұжырымдайды.

         «...Как и прежде, текст книг Мухтара Ауэзова меня интересует в контекстах их бытования. Мухтар Ауэзов – казахский писатель, но принадлежит он ойкумене мировой литературы, и понят быть может, по глубокому моему убеждению, лишь в его внутренних, осознанных или стихийных, связях с ее мастерами, старыми и новыми. Потому на этих страницах возникают разного рода ассоциации, которые, допускаю, могут показаться чрезмерно вольными. Но для меня иного пути к сути творчества этого писателя нет. Остается рассчитывать на терпение и благосклонность возможных читателей книги» [3, c.3].

         «Текст» сөзін мәтін деп аударып жүрміз. «Контексті», мәтінде айтылғанның түп сырын білдіретін терминді қалай аударуымыз керек? Түпмәтін дейміз бе, мәнмәтін дейміз бе? Анастасьев көбіне мәтінде айтылғанның астарына үңілгіш.  

         Әуезовтану – қазақ әдебиеттану ғылымының зор саласы. Ұлы жазушы туралы талай ұжымдық һәм дара авторлық монографиялар жарық көруде. Тіпті көркем шығарма роман, повесть те туды. Бірақ бұлардың біріне де, кейбір шет ел әдебиеттерімен байланыс туралы жазылған бірен-саран зерттеулер болмаса, Анастасьев еңбегі ұқсамайды. Шет елдік көркем әдебиетті түп нұсқадан оқып салыстыра талдау бізде жоқтың қасы. Жалғыз шапқан ат жүйрік. Бірақ саңлақтығы ат жарыста оза шапса ғана  анықталмақ. Шартты түрде айтқанда, Анастасьев Мұхтар Әуезовті әлемдік аламан бәйгеге қосқан.   Сонау Шекспирден, тіпті одан да әрі, Сократ, Платондардың, бергі ұлылардың жарысында қазақ саңлағы шаң қаппайды, алдыңғы лектен қалмай оза шабады. Және соны орыс ғалымы сүйіне, сүйсіне отырып жазған. Ғылымдық тереңдігі мен әдеби жетіктіктігі тең ұсталған еңбектің туған әдебиетімізге, оның бас жазушысына деген айырықша зор ілтифатына біз де сүйсініп, риза боламыз.        

Түйдек-түйдек ассоциация бірді айтып бірге кету сияқты көрінгенімен автор әсерлерінде іштей тартылған арқау бар. Әуезов туындылары өзге үкілі дүниелермен салыстыру арқылы талданса, өмірі  жазушының  бастан кешкен азапты сапары  аясында сараланады.

Бізге Әуезов – Сталиндік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты,  мұратына жеткен жазушы көрінсе, Анастасьев үшін ол қаншама даңққа бөленгенімен, ой азабын тартқан, басынан трагедия бұлты бір сейілмеген жазушы.

Мұрат – ертегілік категория. Фольклорлық идеал шындық өмірмен сәйкесе бермейді. Екі езуің екі құлағыңа жетіп жүретін кезің бәрібір мардымсыз. Мұхтар Әуезовтің түскен фотосуреттеріне қарап отырсаң, үнемі қабағының түюлі екенін көреміз. Қабағында не ашу, не мұң тұрады. Соған қарап отырып, көкейіңде кенет Мұхтар Әуезов – мұратына жеткен мұңлық еді-ау деген тіркес пайда бола кетеді. Рахаты мен михнаты аударыспақ ойнайтын бұл адамның тағдыры қатпар-қатпар қайшылықтарға толы. Сол себепті Анастасьевтің «Трагедия триумфатора» деген формуласымен келіспеске лажың жоқ.

Көрген білгені көп зерттеуші көне орыс жыршысы Баяндай арғы-бергі тарихтан  толғайды. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» деген мәтел дәл осы Анастасьевтей ізденімпазға арналып айтылғандай.

Кітаптың бірінші бетінен-ақ автор көңілі төрткүл дүниені түгел шарлайды. Испаниядағы Дон Кихот ескерткіші пен Абай ауданының орталығы Қарауылға бара жатқан жолдағы Еңлік-Кебек ескерткіші арасында бір байланыс барын аңғарады. Жазушы құйған көркем бейнеге оның жерлестерінің құрмет  көрсетуі даланың  да әдетінде бар екен. Мынау Еңлік-Кебек мазары соны айтып тұрған жоқ па? Өстіп жүйткіген көңілі іле ХIХ ғасырдағы француз ақыны, жазушысы, сыншысы, «өнер өнер үшін» деген теорияны насихаттайтын «Парнас» тобының қайраткері Теофиль Готьенің бір өлеңін есіне алады.  Ол өлең оқырманды б. ғ. дейін мың жарым жылдай бұрын өмір сүрген Египет фараоны III Тутмосқа алып барады. Сол тұрғызған обелиск отыз төрт жыл кейін Францияға әкетілген өзінің бауырымен сөйлесіп тұр. Осы жерде қисыны табылып диссидент Юлий Даниель мен Андрей Синявскийлермен ұшырасамыз. Әрі қарай Луксор храмы, Бернард Шоу... Әуезовтің «Автобиографиясы», оның мәңгі оппоненті Сәбит Мұқанов, Германияда Әуезовтің неміс жазушысы Анна Зегерспен кездесуі...Семейдің тарихы, Достоевский, Шоқан Уәлиханов, Абай ауылы... . Бұлар туралы  хикаят айналып келіп  ақыры Мұхтардың балалық шағына сәуле түсіреді. Оқушысын нелер күйге бөлей отырып, кітаптың негізгі концепциясына жетектейді. Ол концепция бойынша, жазушының шын бейнесі жазылған өмірбаян деректерінен гөрі, туғызған шығармаларында әлде қайда анық ашылмақ.

Бұл енді бір жағынан кітаптың басынан аяғына дейін өрілген стилі де. Анастасьев пікірінше, нағыз Әуезов туралы ұғымға бойлау оңай емес. Тіпті жазушының өз қолымен жазған өміртарихы оның биік тұлғасының қымбат қасиеттеріне қанықтыра алмайды. Әуезовтің ішкі сырының пернелері  –  жүрегін жарып шыққан шығармаларында, дейді Анастасьев.   

Анастасьев жазушы  шығармаларының туу себептерін оның өмір тарихынан іздейді. Кітабынің «Бастау» («Начало») тарауында Мұхтардың  үйлену драмасы мен  «Еңлік-Кебек» атты тұңғыш пьесаның дүние келуінің арасында бір дәнекер бар екеніне иландырады. Сол драма Әуезовті қолына қалам алуға итермеледі, дейді. Тосын пікір.

Орыс ғалымы талдауындағы негізі құрал – салыстыру. Пьесаның әр эпизодынан әлемдік әдебиетке ұқсастықтар табады. Бұл тәсілдің қызықтыратын жақтары да,  осылай ма еді дегізіп ойландыратын тұстары да баршылық. «Еңлік-Кебек» Шекспирдің «Ромео-Джульетта» трагедиясымен салыстырылады. Сәйкестіктері жетіп жатыр. Ру араздығы. Далалық найман мен тобықты Веронадағы Монтекки мен Капулетти кландары секілді бір-бірімен қиянкескі айтыс-тартыста. Басты кейіпкерлерінің жіктелуі де шамалас. Мұнда Кебек - Еңлік - Есен үштігі, онда Парис – Джульетта – Ромео үштігі...

Есен  Кебекті  жекпе-жеке шақырады.  Айқаста Есен ажал табады. Осы көріністегі екі кейіпкердің дүрдараз диалогын толық келтіре отырып, ғалым салыстыруының қорытындысын шолақ қайырады. Қып-қысқа сөйлемді бөлектеп, дара жолға шығарады: 

«Вполне шекспировская сцена»- дейді.

Екі пьесаның финалы да дәл осылай салыстырылған. Шекспир пьесасының соңындағы Герцог, Әуезов туындысының ақырындағы Абыз монологтарын қатар қойып салғастырып, екеуінің интонациялық үндестігі бар деген қорытындыға келеді. Міне, осы тұстарда ойланып қаласың. Автор қандай үндестікті айтып отыр? Төркіні қайдан?  Семей шәкірті 1917 жылдың өзінде-ақ  Шекспирдің ішек-қырындысына дейін білген еді дегеннің өзінде, найман мен тобықты руларының жауластықтықтары ойдан қосылмаған ғой. Жоғарыда айтылған үштіктің де тарихи негізі бар. Абай тапсырмасымен шәкірт поэмасында жырланған шындық. Шекспирлік делініп отырған сахналық көрініс өмірден алынғандықтан, біз мұны үндестікке ғана баламаймыз.  Әуезов әлемінде Шекспирдей даналардан кем соқпайтын қуат жас кезінен-ақ ояна бастаған деп түсінеміз.

Анастасьев салыстыруларының шекарасы сызылмаған. Шексіз, шетсіз.  Әуезовтің тұңғыш пьесасынан тіпті Навоидің шығармагерлік іздері іздестіріледі. Фольклордан, «Қозы Көрпеш, Баян сұлу» лиро-эпосынан сәйкестік табуға тырысып,  ұзақ тебіреністерге кетеді.

Анастасьев қазақ әдебиеті тарихымен енді-енді танысып жүр. Көп жайттар оған мәлімсіз. Академик Марғұланның айтуында, Баян сұлу мен Қозы Көрпештің өмір сүрген дәуірі  Орхон өзені бойындағы ескерткіштерде әңгіме етілетін оқиғалар өрістейтін сонау VII, VIII ғасырларға кетеді.  Қазақ әдебиеті тарихында фольклор, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті  қатарласа дамып отырған. Қазақ әдебиетінің байырғы тарихымен таныс болса, Анастасьев әлде не дер еді...

«Күлтегін» құлпытасында: күллі түркі  халқы : мен мемлекетті халық едім, менің сол мемлекетім қайда? Мен Қағаны бар ел едім. Қайда менің Қағаным? Мемлекеттен айрылып бұл қорлықта тірі отырғанша, жер бетінен жоғалғанымыз артық дейді. Бұл  қуатты монолог Альбион елінің драматургінен әлде қайда ерте заманда тасқа қашалып жазылған...

Герцог монологы:

«Но нет печальней повести на свете,

Чем повесть о Ромео и Джульетте»- деп аяқталса,

Абыз монологы:

«...Имена Кебека и Енлик вечно будут сиять народу, как эти две звезды на небосклоне. Их любовь  сильнее ненависти.» - деп аяқталады.

Бұл монологтардан Анастасьев әуен үндестігін тапса, ол үндестіктің табиғаты Николай Аркадьевичтің ойлағанынан тереңіректе жатыр. Жаңғырықтан емес, жанр табиғатынан туындаған үндестік. Жалпы қай жанр болсын, роман ба, поэма, пьеса ма, олардың көркемдік өресінің биік, аласалығы ақырғы жолдарының қалай аяқталғанына да байланысты. Әнші керемет айтып тұрған әнін тиісті дәрежеде шырқатып бітіре алмаса, бар еңбегі заяға кетпей ме. Бұл да сол сияқты. «Ромео мен Джульеттаның» Герцог аузымен айтылатын финалдық сөзінде қазыналы ой жатыр. Ажал дегенін істеді. Бірақ адам рухын жасыта алған жоқ. Қайғылы хикая махаббат сезімінің қасиетін шырқау биікке көтереді.

Әуезовке келсек, қазақ драматургінің пьесасында арпалыс махаббат пен өшпенділік арасында  өршиді. Өшпенділік жеңуін жеңсе де, маңдайына мәңгілік қарғыс таңбасы басылады. Махаббат аттың құйрығына байланса да, қайта тіріледі. Еңлік пен Кебек елдің ардақтысына айналады. Олардың махаббаты қазақ аспанында әрқашан қос жұлдыздай жарқырап тұрмақ. Қысқасы, екі финалдың екеуі де  бүкіл шығарма пәлсәпасын поэтикалық екі-үш жолға  сығымдап, махаббат сезімінің мәңгі жасар қуатын паш етеді. 

Осылай әлем әдебиетін еркін шарлай отырып, ғалымның талдауы көп реттерде лирикалық толғауға айналады. Жалықпай оқи бересің. Әрине, салыстыру тек салыстыру үшін ғана жасалмауға тиіс. Оның  мақсаты – ұлттық шығарманың ерекшелігін  табу ғой. Міне, істің бұл жағы Анастасьев талдауларында жетісе бермейді.

Жетісе бермейді дегенде, талдау безбенінің қай жағына ауып кеткенін  айтқымыз бар. Әуезов қаламы хақында мына төмендегідей айтылған даралауға толығынан қосыламыз.

«...Рассказ еще определеннее и резче обнаружит то, о чем можно было догадаться по первым театральным опытам,по природе своего художественного дарования Мухтар Ауэзов – эпический писатель. У него широкое, как родная степь, видение. У него не только острый, но и просторный слух, он улавливает и удерживает самые разнообразные по тембру и высоте тона звуки. Наконец, время для него никогда не замыкается сегодняшним днем, этот день длится дольше века, в нем просвечивают столетия» [3, c.102].

Бұған қосылуға себеп, орыс зерттеушісі Мұхтар Әуезовтің жазушылық дара қол таңбасын үлкен шеберлікпен  анықтаған. Ал, қосылмайтын жеріміз,  қазақ жазушысын, айталық, Хемингуэй прозасына икемдеген тұсы. Хәмингуэйде өрістейтін оқиғалы сюжет орнын көңіл күйін суреттеу басып кетеді. Оның осы стилі Әуезовте де кезігетін тәрізді.  Анастасьевке сенсек, Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі пейзаждың сюжетке еш қатысы жоқ. Міне, мұндай салыстыруда Әуезовты көтермелеу бар да, дәлдік жетімсіз. Хэмингуэйдің бір әңгімесінде қыз бен жігіт кездеседі де, көрпелес болады. Жігіт шаруасын бітірген соң үнсіз-түнсіз қайқаяды. Қыз үнсіз-түнсіз қала береді. Сонымен әңгіме доғарылады. «Қорғансыздың күнінде» ондай немкеттілік кезікпейді. Әңгімеде суреттелетін қыс қыспағы, шыңылтыр аяз, түтеген боран-шашын – мұздай суық пейзаж бір сұмдықтың боларын ишарат етіп тұрғандай. Ғазизаны әкесінің бейітіне жабысып, жарты денесін қар басқан күйде тауып алады.  Қыз тәнін былғаған сырдаң жігіт Ақан кемпірдің қақсаған зарына шыдамай, аттарын дайындап зытып береді...

Міне, бұл көріністе ХХ ғасырдағы батыс прозасының бейтараптығы байқалмайды. Ғазизаның «Балалық жүзінде: «менде жазық жоқ, мен тазамын», - деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар.

Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты ақ-түтегінен адасып өліп, мәңгі толас тапқандай» [4].

Бұл ашыныстың тамыры тереңде жатыр. Қазақ әдебиеті халық қамынан, қайғы-қасіретінен ешқашан бөлектенбеген. Хемингуэйдегідей бейтараптылық Әуезовте атымен жоқ.

Анастасьев үшін социалистік реализм жан алғыш Әзірейілден жаман. Бұл әдістен, оның әсіресе таптық принципінен қазақ әдебиеті  қазір біртіндеп тартына бастады. Алайда әдеби процестегі соңғы өзгерістерден бұған дейінгі жасалған көркем дүниенің бәрі мансұқталады, жоқ етіледі, әдебиетімізде жаңадан  «ақтаңдақ» пайда болады  деген ұғым тумасқа керек. Анастасьев: түрмеден босанған Әуезов өз жазушылық табиғатына жараспайтын жазу-сызумен амалсыз айналысты да, өңшең әжетке жарамайтын пьесалар туғызды дейді. Қазақ әдебиеттану ғылымы мен сыны Анастасьевтің талап деңгейіне түсіністікпен қарай отырып, Мұхтар Әуезовтің драматургиясы оның жазушылық ыстық жүрегінен құйылғанын, бар пьесасы бас құрап келіп, «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Абай», «Түнгі сарын», «Қарагөз», «Қобыланды», «Ақ қайың», «Сын сағатта», «Төлеген Тоқтаров» (либретто), т.б. қазақ тарихының белесті кезеңдерін қамтитынын, біздің ұлттық драматургиямыздың ірге тасын шайқалтып алмауға  тиісті екенімізді естен шығармауы керек.

Профессор Анастасьев Мұхтар Әуезовтің басты шығармасы – «Абай жолын», басқа да прозасын талдауға да өзінше келген. Салыстырудың, ассоциацияның біз білетін, кейде білмейтін ұңғыл-шұңғылдарын аралай беруі бұл тарауда жиілей түспесе, еш толастамаған.  Бір ғана «Көксерек» повесі Уильям Фолкнердің «Аю», Джек Лондонның «Ақ азу», Лев Толстойдың «Холстомер», Джозеф Конрадтың «Тайфун», «Қаратүнек жүректер» атты шығармаларымен салыстырылады. Және орысшаға аударылған нұсқалары арқылы емес, әр туындының өз тілінде. Салыстырулары негізінен шеберлік  мәселесін төңіректейді. Дәлеліне мысал көбінесе табиғатты суреттеу мініскерлігінен, лирикалық психологиялық толғаныстардан келтіріледі.

Автор «Абай жолының» жанрлық поэтикасын талдауға ерекше мән берген. Бұл оның үлкен жетістігі.

Кезінде «Вопросы литературы» журналы өткізген «дөңгелек столға» қатысушының бірі (1971, №9) Әуезов шығармасының романдық тегіне шәк келтірушілікке дейін барды.  Роман жанрының эпикалық негізінен түсінігі шамалы сыншының пікірі исі Одаққа әйгілі әрі қадірлі журналда жарияланғандықтан, көрінеу әділетсіздікке шама-шарқымызша тойтарыс беругетырыстық [5]. Ал, орыс әдебиеттануы ғалымдарының арасынан «Абай жолының» жанрлық ерекшелігіне арнайы тоқтап, басбұзар сынның ұшқарылығын әшкерелеп қалам тербегендер суырылып шыға қоймап еді. Талай жыл сарыла күткен едік. Енді сол олқылықтың орнын Анастасьев  толтырып отыр.

Анастасьевтің еңбегі  роман жанрының эпикалық үрдісіне қарсы шыққандардың аузына құм құятындай. Әуезовтің жазуға кірісердегі алған жанрлық нысанасы (замысел) «эпопея» болғанына мықты дәлелдер келтірген. Андре Моруа немесе Стефан Цвейг секілді жазушылар тарихи тұлға бейнесін психологиялық роман формасы арқылы  ашады. Дәуір тынысы олардың романдарынан да сезілгенімен,  эпикалық өрісі бәрібір тар еді. Моруа мен Цвейг ондай алып құлашты роман туғызу міндетін алдарына қоймаса керек. Ал дала перзенті Әуезов шығармасына ұшы-қиырсыз эпикалық алып кеңістік ауадай қажет болды.

Бұл ерекшелік «Абай жолының» бастапқы тарауынан-ақ байқалады. 1937 жылы көктемде «Әдебиет майданы» атты журналда Мұхтар Әуезов «Татьянаның қырдағы әні» атты жаңа шығармасын, болашақта жазылмақ үлкен полотноның қағазға түскен алғашқы тарауын бастырды. Әуезов эпопеясының рухани асқақ ғимаратының кірпіші Татьянаның қазақ сахырасында салған  әнінен бастап қаланғанын Анастасьев зерттеуінде анық айтқан.

Анастасьевтің осы тұстарда, жалпы зерттеуінің бүкіл аумағында  қазақ әдебиетінің дәстүрлік ерекшеліктерін мейлінше терең түсінгеніне риза боласың, әрі талдауының нәзіктігіне қызығасың.

«Конечно, Пушкин, прочитанный Абаем, больше на него похож, чем на себя. Восток, с его традициями  даже не столько поэтического, сколько всего жизненного лада, вторгается в стихию русской речи, адаптируя его к говору, привычному в степи. Поэт-переводчик знает это. Он сравнивает казахское письмо Татьяны с письмом, написанным по-русски. Порой не так, как у Пушкина: Татьяна говорит иногда слишком обычными словами. Но это – невольная дань ее новым слушателям» [3, c. 290].

Абайдың «Евгений Онегин» романынан оқығаны оның авторы Пушкиннің өзінен гөрі қазақ ақынына ұқсайды дейді. «Да, пушкинская Татьяна изъясняется «слишком обычными словами», но в том и состоит гений поэта, что именно из них творит он высокую поэзию» [3, c. 291]- деп  роман сөзін растап қол қояды. Татьяна хатын сөзбе-сөз, нақпа-нақ, сайма-сай аударуды жөн  таппағанын бірден бір дұрыс шешім еді дейді. «...Непосредственная верность оригиналу может обернуться двойным предательством. Перед слушателями и перед русским поэтом. Приходилось иметь в виду и удивительные особенности даже бытовой речи великой Степи» [3, c. 290-291].

Татьяна да, Онегин де дала исі аңқыған жүрек жарды қазақ поэзиясы тілімен сөйлеуге тиіс болды. Абайдың өміртарихын емес, рухани кенішін, өлең өнерінің көзі тас бұлақтың суындай атқуын суреттемек шешімге Мұхтар Абайдың творчестволық лабораториясын терең түсініп барып келген деуіміз ләзім.

Анастасьев «Татьянаның қырдағы әні» әңгімесін талдауды әрі қарай жалғастырмай, тақырып орайы солай болды ма, жалпы аударма мәселелеріне ойысуды ұйғарады. «Абай жолының» Леонид Соболев бастаған тәржімашыларын қатаң сынға алады. Әйтпегенде, Татьяна мен Онегин хаттарының Абай нүсқасын талдай түскенінде даланың поэтикалық сара тіліне көшуінің  себептерін кейіпкер характерінің  мүлде өзгеріп қазақтанып кеткенінен іздер ме еді, қайтер еді. Өзгерген характерді түпнұсқа мәтіні бойынша суреттеуге жол кесілді. Кейіпкерлердің қазақша сөйлеп кеткені сол себепті. Шынында да, Абайдың Татьянаға қаспақ қырғызып қоятын жолдарын Пушкиннен аударды деуге қалай аузың бармақ? Абай бұл шығармасында Пушкинінің «Евгений Онегин» романының аудармасын емес, жаңа нұсқасын (версиясын) жасаған...

Кітаптың сүбелі бөлегі «Абай жолын», әсіресе туындының жанрлық поэтикасын тексеруге арналған.  Автор пікірінше, «Абай жолы» трилогиясы аз да болса оншақты роман түрінен бас құрайды. Біріншісі ілгеріде сөз етілген психологиялық роман. Жалғыз Абайдың ғана емес, барлық кейіпкерлердің құбылмалы ішкі өмірі. Жан сөзі. Ақындығы.

Мұхтар романын Анастасьев сонымен бірге ұлт тарихының философиясына жатқызады. Халық трагедиясын суреттейтін әлеуметтік тарихи роман дейді. Кейіпкер характері оның қоғамдық ахуалына байланысты. Дәуірдің жер асты қопарылыстарының, бұқаралық қозғалыс дүмпулерінің қазақ романында суреттелуі Серафимович пен Фадеевтің «Темір тасқын» және  «Тас-талқан» романдарымен орайлас, - дейді автор өзі оншама қадір тұтпайтын әдісті еске алып.

Анастасьевше, «Абай жолы» қазақ әдебиетінің ұстаздық дәстүрінен жазбайды. Набоковтың тым нәзік эстетизміне, Пастернактың метафизикасына («топырақ һәм тағдыр) тіпті де ұқсамайды. Роман туындыгерінің: ақын халқының қайғысын жүрекке жеткізе білсе,  көз жасын құрғата алса ғана өз міндетінің үдесінен шықпақ,- деген сөздерін келтіре отырып, ондай шығарма  роман-биография және оған қоса тәрбиешіл роман рөлін атқармақ дейді. Дәлел есебінде тағы да бір көш батыс, орыс шығармалары аталады. Ромен Ролланның «Жан-Кристоф», Джек Лондонның «Мартин Иден»,  Джеймс Джойстың «Жас суретшінің портреті», Лев Толстой мен Максим Горькийдің өмірбаяндық туындыларымен салыстырылады. Дәл осы мәнерде «Абай жолы» махаббат романы, натуралистік роман, мифологиялық роман, шытырман оқиғалы, тіпті әскери роман ретінде сараланады.

Анастасьевтің кей салыстырулары көңілге оншама қона бермейтінін айтуға керек. Жоғарыда келтірілген тізімдегі «Жан-Кристоф» «Абай жолына» ең жақын романдардың бірі. Бірақ ол биографиялық роман емес. Мұндағы бас кейіпкер Жан-Кристоф - композитор. Ол қазақ ақыны Абай секілді үнемі творчестволық толғаныс үстінде жүреді. Ромен Роллан кейіпкерінің сол тебіреністеріне назар салады. Жан-Кристоф өзінің ажал аузында тұрған кезін де саз-күйге айналдырғанын шабыттана суреттейді. Мүндай романның жанрлық сипатын билиография түріне жатқызуға болмайтынын  Роллан творчествосының білгірі Стефан Цвейг те ескерткен. Өнер адамы туралы романның басты ерекшелігін ол әдемі де дәл тұжырымдаған.

«Чтобы постигнуть жизнь в целом, Роллан попытался изобразить ее глубочайшую тайну, творение: вселенную в ее возникновении, искусство в художнике. В символической фигуре показал он единство творчествa и жизни – того, что робко пытаeтся разграничить слабые натуры. Жан-Кристоф – творческий гений и страдающий человек, он страдает благодаря своему творчеству и творит благодаря страданиям. Созданный фантазией Роллана гений становится живейшим из живых именно потому, что он творец» [6].

Бұл сөздер Абай туралы романға қатысты. Бас кейіпкер Абайдың жүрегінен өтпеген, жанын жараламаған нәрсе жоқ. «Сорлы Көкбай жылайды, Жылайды да жырлайды. Ол жыламай қайтып тұрады, мына азған қу заман қалыбында тұрмайды».

«Жылайды да жырлайды».

Мұхтар Әуезов осы Абайдың бейнесін жасады. Өзге сыпатының қажеттілігі әр қалай. Анастасьев «Абай жолында» көтерілген көп проблемалардың ішінде «Абай және ислам», «Орыс революциясы және Абай» деген тақырыптарға тоқтала келіп, романның насихаттық сарынға ұрынғанын іліп кетеді. Бұл шынында публицистика емес, дидактика, мораль оқу дейді.

«Видел бы, сколько молодых крестьян пригнали на каторгу! Все они бунтовали против своих баев. И, оказывается, не только с ними вступили они в борьбу, а и с царскими слугами, с самим царством, и такая борьба кипит во всей России. Я видел отважных крестьянских вожаков, много наслышался от них. Вот кем восторгаться надо! Они борются не по-нашему, не в одиночку – собираются и обрушиваются на врага целой лавиной»- деген Базаралы сөзін келтіре отырып, осыны да халықтық публицистика дейміз бе, бұл фольклор да емес, нағыз агитка,  ұран, шынын айтқанда» [3, c. 401] - деп кеиді.

Үгіт дегеніміз не? Белгілі бір идеяны бұқара арасында уағыздау. Насихат – білім тарату. Ұран – толғақты мәселені шешу үшін нақтылы қимылға шақыру. Айдаудан қайтқан Базаралының көрген-білгенін, іштей түйгенін айтқаны осының қайсысына жатады? Біреуіне де қатысы шамалы. Базаралы –  жалғыз-жарым бунтарь еді. Жәбір көрсеткендерге қарсы жападан жалғыз қамшы көтерген әрекетінен ештеңе өнбегенін мойындап отыр. Көңілде түйген әңгімесі Абайдың өзі ұйып тыңдаған жаңалық боп естіледі.  Жалаң үгіт еместігі сондықтан. «Соғыс пен бейбітшілік» романының публицистикасы  мораль соғудан кет әрі емес. Онысы шығарманың биігін аласартып тұрған жоқ қой.

Ресейдегі бұқаралық қозғалыстан алған әсерін Базаралы алдымен өзіне сабақ етіп отыр. Кейіпкер ретінде ол бұрынғы қарақшы Базаралы емес, санасы өскен күрескер. Батыс романындағы бір қалпында қатып қалатын кейіпкерден ауылы аулақ қонған. Базаралы образы Мұхтар Әуезов шығармасының тек жетістігі саналуы тиіс.

Тағы бір ойың айтады: Абай заманындағы қазақ қоғамында қоғамдық ғылымдар балаң күй кешкенін, оның батпан жүгін поэзия өз мойнына алғандай  болғанын Анастасьев есепке алмаған.    

«Абай жолы» - әмбебап роман. Анастасьев кітабынің бұл жанрлық анықтамасы дау туғызбайды. Кезінде Мұхтар Әуезовтің ұлы туындысы академик Қаныш Сәтбаевтың дуалы аузымен Қазақ елі өмірінің энциклопедиясы деп аталды. Әмбебап мазмұн соған ағайындас түр тапқан.        

Жалғыз Әуезов шығармасы емес, романның қай-қайсысы да жанрдың ең жоқ дегенде екі-үш түрінің басын қосады. Бұл бүгіндер ғана айтылып жүрген пікір емес. Әдебиеттану ғылымы белгілібір романға қатысты жанрлық түрлерінің бәрін шұбыртып тізіп жатпайды. Шешуші бір белгісіне қарай ат береді. Анастасьев кітабында «Абай жолының» жанры тұтастай алғанда эпопея деп аталады. Кітапқа берілген шағын библиографияда бірен-саран қазақ зерттеушілерінің еңбектері, Зәки Ахметовтың «Роман-эпопея Мухтар Ауэзова» атты монографиясы (1997), Мұхаметжан Қаратаевтың «Заметки о творчестве» (1967) деген туындысы көрсетілген. Анастасьев «Абай жолын эпопея атағанда, қазақ зерттеушілерінің  роман-эпопея деген жанрлық анықтамасынан тым алыстап кетпеген.

Жазушы Мұхтар Әуезовтің ендігі зерттеушілерінің бұдан былай Анастасьевтің еңбегіне соқпай өте алмайтыны хақ. Орыс ғалымы да өз тарапынан қазақ әдебиеттану ғылымының ізденістеріне бұрылмай кетуге тиісті емес еді. Әттегене, оған уақыт тапшылығы мүмкіндік бермеген тәрізді. Әйтпегенде, көп әдеби есімдерді шатастырып бұзып айтпаған болар еді. Тіпті романның өзінің де  қай тұсы ат үсті оқылған ба деп қаласың.

Кітабінің 286-бетінде: «Ауэзов готовит к изданию свой новый роман «Телькара». По-казахски это значит «вскормленный двумя матерями» - такое прозвище прилипло к Абаю, которому второй матерью стала бабушка Зере»- делініпті. Ал, романның бас жағында: «Родная мать Абая, досточтимая Улжан, и вторая мать, красавица Айгыз, стояла рядом» - деп ап-айқын, тайға таңба басқандай етіп жазылған...

Кітап кемшіліктерінің дені, әсіресе қазақ есімдеріне қатысты ағаттықтары Мұхтар Құлмұхаметтің жоғарыда аталған мақаласында көрсетіліп, ізінше  Анастасьевтің Алматыда жарық көрген «Трагедия триумфатора: Мухтар Ауэзов – судьба книги» деген кітабында түзетілген. Басқасы келешек басылымдарда жөнделер...

Аталған, әлі де аталуы мүмкін кемшіліктер Николай Аркадьевич Анастасьевтің соқталы, салиқалы еңбегіне шіркеу келтіре алмайды. Ұлы Абайдың: орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білген, үйренген жұрт қатарына қосылады деген көрегендік сөзі іске асуда. Мұхтар  Әуезов - әлем әдебиетінің ең озық үлгілерімен иық теңестірген алыптарымыздың бірі. Анастасьев кітабінің иланымды, еркін  дәләлденген басты қорытындысын мойындау енді біздің парызымыз.

 

*  *  *

 

Ол парыз Қазақстан сыншылары тарапынан өтеле де бастады. Қазақстандық орыс сыншысы Любовь Шашкова «Н.А.Анастасьев: путь к Ауэзову» атты мақаласында қалың оқырман жұртшылықты ғалым еңбегінің негізгі мазмұнымен, көтерген проблемаларымен таныстырады. Әуезовке апарар тарам-тарам жолдың бәрін адақтап шығуға тырысқан мәскеулік ғалым Семей облысындағы Абай, Әуезов мұражай қорымында болғанын, ұлы жерлесінің көзін көргендермен сұхбат құрғанын, Әуезовтің Алматыдағы үй-мұражайы, оның Шолпан атадағы саяжайына дейін бас сұққанын, еңбегі ақталып, көп соны материал жинап алғанын жазады.

Алматыдағы Қазақстан республикасы ұлттық кітапханасында  Анастасьев кітабінің тұсаукесері өтті. «М.О.Әуезовтің мұрасы және қазіргі мәдени ахуал» атты дөңгелек столда Мұрат Әуезов орыс ғалымының еңбегін  жоғары бағалай келе, қорытынды бағасын былайша тұжырымдайды:

« - Это труд, соразмерный поставленной задаче, это тот случай, когда говорят: великая цель избирает великие средства. Была великая цель – создать биографию Мухтара Омархановича Ауэзова. Нужно было вжиться, вчувствоваться в его трагическую судьбу, иметь необыкновенный кругозор и великолепную эрудицию, иметь освеженную, мобилизованную память о лучших достижениях мировой литературы и в этом свете рассматривать творчество Ауэзова. Это в высоком смысле сочинение, это макроэссе, базированное на фундаментальном знании многих документов, исследований, которые порой до него вообще не рассматривались. В этой книге Мухтар Ауэзов явлен очень убедительно, во всем своем величии при всех тех компромиссах, на которые он во имя достижения главных творческих целей должен был идти. Не случайно один из вариантов рукописи назывался «Трагедия триумфатора». Мы можем с чем-то соглашаться, с чем-то мне даже было больно согласиться, но я вижу, во-первых, творческое право автора, а во-вторых, его великую правоту. Ничего подобного у нас в гуманитарно-филологической сфере не появлялось» [7].

Айтылғанды Шашкованың өз сөзі деп те санау жөн. Ол дәйексөзді мақаласына сыналап енгізгенде ұлы жазушы шығармаларының жаңашыл тұстарын безбендей отырып, қазақ әуезовтану ғылымының ендігі міндеттерін айырып анықтағысы  келген. Әуезов туындыларында, - деп жазады Анастасьев, - ХIХ ғасыр прозасының объективтілік реализмі ХХ ғасыр прозасының шектен тыс  субъективизмімен сабақтасқан. Луи Арагон қазақ жазушысының «Абайын» Марсель Пруст шығармаларымен салыстыра отырып зерттеген, дейді. Қазақ әдебиеттанушыларын осы бағытта зерттеу жұмысын жүргізуге шақыратындай. 

Қабылдауға тұратын ұсыныс. Жуырда бір ізденуші кандидаттық диссертациялық жұмысының объектісі етіп  «Әуезов және Фолкнер» деген тақырып алыпты. Әуезов туындыларын алыс шет ел жазушыларының шығармаларымен салыстырып қарастыру – алдағы үлкен міндет. Әрине, ол үшін алдымен ағылшын, испан, неміс, жапон, түрік, т.б. тілдері әдебиеттерін тексеретін маман кадрлар даярлануы тиіс.  

Әуезовті ұлтық әдебиеттер тарихымен ұштастыра зерттеу тәжірибесі бізде баршылық. Бұрынғы одақ көлемінде бұл іс кеңінен қолға алынғаны  мәлім.  Сол дәстүр қазіргі тәуелсіздік кезеңінде онан әрі жалғасын табуда. Айтылғанға жарқын мысал – 1997 жылы Қазақстан республикасы Ғылым министрлігі – Ғылым академиясы жалпы жиналысының «М.Әуезов – ХХ ғасырдың ұлы жазушысы  және гуманисі» атты мерекелік сессиясының материалы болады. Сессияда шет ел жазушыларымен қатар, Ресей және ТМД елдерінен келген оқымыстылар Әуезов шығармаларының өз әдебиеттеріне жасаған игі ықпалын, ел-ел арасын жақындастырып бауырластыратын рөлін бірауыздан атап өтті.

Суреткер Әуезов пен ғалым Әуезов...

Мәскеу профессоры, филология ғылымдарының докторы А.Б.Куделин  маңызды мәселенің тағы бір қырынан келеді. «Абай жолында» көркем образ жазушының әдеби-теориялық концепциясымен біте қайнасып, қабысып, оқушысын ғаламат әсерге бөлейді. Роман ғимараты әлде неше қабаттан тұратындай. Қазақ даласының ұлан-ғайыр кеңістігінің кенересінен асып-төгіліген өмір тасқыны шығарманың бірінші қабаты болғанда, кейіпкерлерінің қиянкескі айтыс-тартысы, батыс, шығыс, антика, христиан дүниесі қалған қабаттарын құрайды, деп пайымдайды.

Бірқатар ғалымдар әйгілі жазушының әдебиеттану ғылымы мен фольклористиканы дамытудағы еңбегіне назар аударған. Санкт-Петербург профессоры, филология ғылымдарының докторы Е.А.Костюхин ғалым жазушы, ал жазушы ғалым бола алмайды дейтін түсінікті Әуезов творчествосы мүлде жоққа шығаратынын айтады. Поэтикалық шабыт ғылыми талдау логикасына күш береді. Қанатты метафора жүйелі ой тиегін ағытуға жол ашады. Қазақ академик жазушысының фольклортанудағы  еңбектерін оқудың өзінен рухани ләззат табасың: зерттеу тақырыбы қызықтырады, творчестволық шабытқа бөлейді, деп ағынан жарылады. Келтірген дәлелі мықты.

«Классический обзор «Эпос и фольклор казахского народа» начинается каскадом метафор, и самая яркая из них: «Казахский народ – трагический странник, в поисках за счастьем кочевавший по степи и столетиям...». Холодный рассудок может возразить: что значит «трагический странник»? Все мы странники по столетиям, а счастливых народов в истории нет: у каждого позади опустошительные войны, национальные катастрофы, крупные социальные потрясения» [8, c. 59].

Костюхин Әуезовтің фольклор туралы зерттеулерінің тақырыптық жүйесіне айырықша тоқталады, тексеру ерекшеліктерін анықтайды. Фольклортанушылардың көбі халықтық жанрдың стереотипіне, қалыпты образдарына тоқталғыш. Фольклордың әлеуметтік негіздеріне үңіле бермейді. Әлеми фольклордың түп тамыры белгілі. Бұл жанр арқылы халық әрдайым өз әлеуметтік ахуалына наразылығын білдіргісі келген. Адамға лайықты тіршілік жағдайын жасайтын уақыт туар ма деп армандаған. Әуезов қазақ эпосының ұлттық тарихи негіздерін, түрік, Батыс, Шығыс фольклорындағы орнын, қырғыз жомоқшыларының поэзиясын, «Манас» поэтикасын тексергенде әлем фольклоры көксеген түпкі арман-тілектерді   қаперінде үнемі сақтап отырады.

Орыс фольклортанушысының тек бір пікірі ғана анықтай түсуді қажетсінеді. Костюхин: Әуезовтің жазба фольклорға іш тартпағанын, оған тиісті мән бермегенін айыбы, міні көреді. Мұндай пікір қазақта фольклор, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті ғасырлар бойы қатар дамып келе жатқанына көңіл бөлмегендіктен туған.

Бірақ мәселенің қойылысын теріс дей алмайсың. Қазақ фольклортану ғылымы жедел қолға алуға тиіс проблеманы қозғаған. Және бір зер салатын мәселе Костюхиннің мына бір қағидасына байланысты. Қазақ фольклорын, - дейді Е.А.Костюхин, - әлемдік фольклордың бір буыны деп атау жеткіліксіз. Бұл буынсыз әлем фольклоры тарихын түсіну қиын екенін баса айтуымыз керек, дейді.

Жаны бар сөз.

Қазақ фольклоры - көлемі жағынан да, жанрлық түрлері жағынан да әлемдегі ең бай фольклорлардың бірі. Соны көрсете білуге керек. Өкінішке қарай, фольклорды, жалпы әдебиетімізді  әлем елдері халықтарының сөз өнері дүниесімен салыстыру жағы бізде әлі кенже қалып келе жатқан ғылым саласы.

Ресей және ТМД елдерінің әдебиет туралы ғылымында «Әуезов мектебі» деген ұғым әбден орныққан сияқты. Қырғызстан профессоры, филология ғылымдарының докторы А.Ахматалиев «Достықтың жарқын жұлдыздары» атты еңбегінде Әуезовтің қазіргі Орта Азия көркем ойының, күллі рухани дүниесінің қалыптасып дамуына еткен әсерін Пушкиннің орыс мәдениетіне жасаған ықпалынан кем емес деген Шыңғыс Айтматов сөзін келтіреді. Әуезов Орта Азиядағы әріптестерінің шығармаларына үнемі зер салып, мұндағы әдеби процестің барысын үнемі қадағалап, ақыл-кеңесін айтудан аянған емес. Бір кезде қырғыз әдебиетінде оқиға қуалау, характерлерді авторлық баяндау тәсілімен сыпаттау, оларға өз ойын, пікірін таңу белең алып бара жатты. Міне осы ескі тәсіл сеңін мұзжарғыш кемедей алғаш бұзған Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесі Әуезов тарапынан мықты қолдау тапты. Жас қырғыз талантының құзар болашағына сенген Мұхтар Әуезовтің:

«Самое отрадное, и, скажем прямо, необычное для киргизской прозы заключается у Айтматова в обрисовке людей, в показе их отношений, как бы изнутри... Повесть Чингиза Айтматова психологична, естественна, изящна и проста. Она приятна правдивостью душевных состояний, тонко подмеченных и сдержанно, выразительно, даже порой коротко обрисованных... Это явление, новое на почве киргизской прозы...» [8, c. 136] - деген биік бағасын  қырғыз прозаиктері әдебиет дамуының ендігі белесінің айқын сызылған жолы есепті қабылдады.                      

1952 жылы «Манас» халықтық эпосына арналған конференцияда Мұхтар Әуезов «Манас» эпосының халықтық нұсқасы» деген атақты баяндамасын жасады. Өзінің көркемдік-тарихи құндылығы жағынан әлемдік эпостардың ең үздіктерінен саналатын «Манасты» ұлы данагөй тоталитаризмнің ең бір құтырынып тұрған шағында қорғап қалуға беделін салып, нар тәуекелге барды. Сол ерлігін қырғыз қауымы жүрегінде мәңгі сақтайды. А.Ахматалиев Әуезовтің «Манасты» зерттеп қана қоймай оның халықтық нұсқасын шығаруға ат салысқанын жазады. Шыңғыс Айтматов: әр ұлттың қадір тұтатын қасиеттілері болады. Мен үшін бұлар - «Манас» пен Мұхтар Әуезов деген. Қос есім барша қазақ пен қырғыз үшін бек қымбат рәміз есепті.

Әуезов мектебінен нәр алушылар жалғыз қырғыз қаламгерлерімен шектелмейді. Өзбек прозашылары А.Мұхтар, Мирмухсин, П.Қадыровтар қазақ кемеңгерін өздерінің тікелей  ұстазы санайды.

Бауырлас әдебиет қайраткерлері Әуезов мектебінің жазушылар үшін де, ғалымдар үшін де әлі де көп көмегі тиетініне түгел қол қояды. Ташкент профессоры, филология ғылымдарының докторы Ләзиз Каюмов «М.О.Әуезов және өзбек әдебиеті» атты мақаласында қырғыз ғалымы пікірін былайша тірілтеді:

«Мұхтар Әуезов өзбек оқырманына өз туған жазушысы, ал өзбек жазушыларына дана ұстаз ретінде танылған» [8, c.72].

Өзбек жазушылары Адил Якубов пен Примкул Кадыров Ұлықбек пен Бабур хақында роман жазғанда «Абай жолы» авторының үлгі-тәжірибесін пайдаланғанын алғыс сезіммен ұдайы еске алып жүреді.

Каюмовтың айтуында, Әуезов өзбек елінің жақсылығын көрген, өзі де одан жақсылығын аямаған адам. Жиырманшы жылдардың бас кезінде ол Ташкент әдеби, ғылыми жұртшылығымен қоян-қолтық араласты. Орта Азия университетінің аспирантурасында оқыды. Ташкенде шығатын «Шолпан» журналына қатысты. Сол шақта өзбек жазушыларының шығармаларын өз тілінде оқи бастады. Абдулла Қадыридың «Өткен күндерін» дала аспанында жалт ойнаған нажағайға балады. Бәрімізге ортақ аға Садриддин Айнидің көне Бұхараны қайталанбас тірлігін, атақты медресе «Мирарабтың» өмірін   келістіре суреттегініне қол соғып қатты қуанды. Осы секілді ол Айбектің «Навои», Абдулла Қаххар шығармаларын жоғары бағалағанын да айтуымыз керек.

Айбектанушы өзбек ғалымдары Әуезовтің Навои романы туралы ұлағатты зерттеулерін  ғылыми тірек санайды.

«Истинность золота поймет только ювелир.

А как восхищался он автором романа «Навои» Айбеком. Рассказывая о гигантском труде романиста, М.Ауэзов подчеркивал общность и схожесть мук творчества...

И проводя параллели, М.Ауэзов говорит: «Почти зримо и ясно  представляю себе моего друга, высокоодаренного поэта и романиста узбекского писателя Айбека, когда мальчиком 6-7 лет и он заучивал заветные строки «Чор дивана» Алишера Навои. А сейчас его роман «Навои» стал популярным и любимым произведением многих и многих наших друзей и за пределами нашей Родины» [8, c.71].

Мұхтар Әуезовтің ірі шығармаларының бәрі өзбекшеге аударылған. Оның үлкен драматург екенін де жақсы білеміз. - деп жазады Л.Каюмов.

Әнеу бір жылдары орыс және өзбек тілдерінде «Шеберлік мектебі» атты жинақ шықты. Сонда Мұхтар Әуезовтің 1959 жылы өзбек әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігінде сөйлеген сөзі жарияланған. Л.Каюмов ұлы жазушының сол сөзін өз құлағымен естігенін, даналық ойларын, пікірлерін басқа да қатысушылармен бірге сілтідей тынып ұйып тыңдағанын жазады.  Ол біздің романдарымыздың көркемдік сапасы хақында, оның ішінде Шараф Рашидовтың шығармалары жайынан шын жанашырлық әрі орынды сын айтты. Сыны әлі құлағымызда тұр.

Әуезов кеңестері, - дейді одан әрі өзбек ғалымы, - бәріміз үшін сарқылмас ақыл-ой кеніші. Әуезовтің халықтар достығын нығайту, мәдени байланыстарымызды күшейту бағытындағы сіңірген еңбегі ұмытылмайды. Ол – біздің замандасымыз әрі ұстазымыз, Николай Погодиннің сөзін қайталағанда, біз үшін – екінші Абай.

Қазақтар мен татарлар ежелден жамағайын. «Мұхтар Әуезов және татар әдебиеті» деген мақаласында филология ғылымдарының докторы, профессор Х.Миннегулов әдеби байланыстардың мықталуында туыстық іліктестің де рөлі  кем соқпайтынын жақсы айтқан.  Екі халықтың туыстығы этногенезінен, түбірі ортақ  қыпшақ тайпасынан бас алады. Оның бер жағында революцияға дейін көптеген түрік текті халықтардың рухани ордасы  Қазан қаласы болғаны, алғаш қазақ баспа кітаптарының осы шаһарда басылғаны белгілі. Сол бауырмалдық мәдени аралас-құраластығымыз Әуезов сынды өрісі кең тұлғалардың арқасында талай жылдар бойы жалғасып келеді. Ұлы татар суретшісі Бакий Урманче мен Әуезов достығы қандай еді.

Миннегулов әдейі тоқталмаса да оның мақаласына қосымша ретінде Латиф Хамидиді жарқын есімін атай кетсек артықтығы жоқ. Премьерасынан бері бір де рет сахынадан түспей келе жатқан атақты «Абай» операсы Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов пен Мұхтар Әуезовтің  творчестволық ынтымақ, достығының жемісі деп білуіміз керек.

Ахмед Файзидің «Тоқай» атты романының бірінші бөлімі жарық көре салысымен оқып шығып «қайырлы болсын!» айтқандардың бірі - Әуезов еді. Сонымен бірге ол ағалық ақыл-кеңесін айтудан да аянып қалған жоқ. Тоқай тағдырын татар халқының өмірімен тереңірек ұштастырудің жолын сілтегені, суреткерлік бай тәжірибесімен ақтарыла бөліскені қашанда ұмытылмақ емес.

Татар ақыны Мұса Жалилдің «Моабит дәптеріне» Лениндік сыйлық беру мәселесі талқыланып жатқан кез. Шаһид кеткен ақынның өлеңдері туралы тебірене, жанын сала баяндама жасап,  айтуға ғана оңай істің жүзеге асуына Әуезовтің сіңірген зор еңбегі татар халқының есінде. Сол себепті де Мұхтар Әуезовтің туған күндерін атап өтуден шет қалып көргеніміз жоқ деп, өткізген  шараларды тізбектей келе, проф.Миннегулов  мақаласын:

Мұхтар Әуезов – біз үшін қазақ халқының, тәуелсіз Қазақстанның өзінше бір символы. - деп аяқтайды.

Алматыдағы ғылми конференцияға ТМД республикалары өкілдерінің бәрі түгел қатыспаса да, келе алмай қалғандары Әуезовтың туғанына арналған 100 жылдық юбилейді өткізуден тыс қалды деп айта алмайсың. Тыс қалмағандардың бірі – украиндық қаламгер қауым. 1997 жылы Киевте М.О.Әуезовтің жүз жылдығы құрметіне «Творец вічних цінностей» - «Мәңгілік құдылықтар жасампазы» атты көлемді  жинақ шығарылды.

Жинақ украин әдебиетінің классигі, жазушы Олесь Гончардың  «Әуезов туралы сөз» [9] атты мақаласымен ашылады. Мақала «Абай жолы» роман-эпопеясының украин тілінде «Шлях Абая» (1985) деген атпен шыққан кітабының алғы сөзінің көшіріндісі. Қазақ тіліне әлі аударылмаған. Тегінде ТМД елдерінің қазақ жазушылары туралы шыққан дүниелерді тәржімалап жариялау М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының алдағы уақытта қолға алатын маңызды бір жұмысына жатса керек.

...Олар, Мұхтар Әуезов пен Олесь Гончар, бір-бірімен ұзақ жылдар таныс, дос, жолдас болғанға ұқсайды. Мақалаға қарағанда, Мәскеудегі әртүрлі форумдарда ұшырасып тұрған. Кезінде Америка Құрама штаттарына бірге сапар шеккен. Гончар Алматыға  қатынап жүрген. Бірін бірі ерте білісіп сыйласып, сәлемдесіп тұратындары мына бір штрихтан да байқалады. Қазақ жазушысы украиндық қаламдасына  «Абай жолы» романын сыйлапты. Мақаланың алдындағы ақ беттің орта белінен Мұхаңның сол сыйлаған кітабына жазған автографының фотокөшірмесі беріліпті. Мұхаң өз қолымен: «Родному, милому брату Александру Терентьевичу с горячим сердечным приветом из Алма-Ата. Ауэзов (Қолы). 1958. 3 VII.» - деген шын жүректен шыққан сөздерін жолдаған.

Мақала бір жағынан естелік есепті. Әуезов фәниден бақиға аттанған соң жазылған. Сондықтан ол жайынан өткен шақпен толғайды: Мұхтар Омарханович адамгершілігі сирек кездесетін жан еді. Кездесе кеткенде жарқырап жылы ұшырап, кісіні бауырына тартып ала қоятын. Ақ көңіліне бірден сенетіндігіңнен қасында өзіңді еркін, қысылмай-қымтырылмай   ұстайтынсың. Аса кішіпейілділігімен, ішкі биік мәдениетімен ерек көрінетін. Мақтаншақтық, өркөкіректілік, менмедік оған   мүлде жат еді.  Творчествосы қандай шыншыл, айқын болса, мінезі де сондай ақиқатшыл, ашық  болатын, - дейді.

Гончар қазақ жазушысын әртүрлі жағдайда кезіктіргенін жазады. Вашингтонда конгресс кітапханасының библиографымен кеңескенінде түрік филологиясының  сұңғыла білгірі екені байқалмай қалмады. Калифорния алқабында, каньон құз-жартастарында тағы да бір бөлек күйге түсетін. Табиғаттың ұлылығы, планетамыздың әлі шешілмеген жұмбақтарының көптігі туралы қандай қызық ойлар тербетуші еді. «Американ жұмағы» дейтін индеецтердің резервацияларына тақай бергенде көзден мүлде ғайып болады екен. Картон  үйшіктерде іріңді көзі жаутаңдаған кәрі-құртаңдардың, жадау күнкөрістен жүдеу, жабырқаңқы көрінетін әйел байқұстардың бет әлпетіндегі уайым-қайғы іздері кенет Әуезовтің жүзіне  көшті. Соның куәсі болдым, дейді Гончар. Әсіресе тамсана жазатыны, Мұхаңның дүниетаным көкжиегінің кеңдігі. «Тас кітап» (Әуезов метафорасы) Нью-Йорктегі, Бостондағы жұрт оның шетсіз-шексіз ғұламалығына таңданғанда, мен өзім де соларға қосылып талай рет қайран қалдым, деп жазады Гончар. Мұндай ғажайып азиат философ қандай жерде өскен екен?- деп  сауал қоя отырып, украин суреткері онан әрі қарай қазақ даласын, ару Алматыны жырлай жөнеледі...

Олесь Гончардың «Абай жолына» берген бағасы терең де нәзік талдауымен ерекшеленеді. Бұл романда, деп жазады ол, өткен тарихы, бастан кешкен мұң-мұқтажы, көңіліндегі арман-тілегі хақында халықтың өзі сөйлеп кетеді. Әуезов эпосы – көз жеткісіз шалқар мұхит. Таңғажайып кітап өзінің алып эпикалық құлашымен, реалистік қуатымен біздің бауырлас Одағымыздың рухани бай кенішіне айналды. Енді украин оқырманының қолына тиді.  Мұхтар Әуезовтің кітабы - жарқын гуманистік асыл ой-толғаныс жемісі. Бір кезде Тарас Шевченконың жан дүниесін жомарт күй-сезіммен тербеткен халық енді міне  өзінің ерен талантты ұлының лебізі арқылы  бізге нұрлы  шапағатын тигізіп  отыр. - деп аяқтаған Олесь Гончар естелік эссесін.

Жинақта украин әдебиетші ғалымы Украина Ұлттық академиясының академигі Иван Дзюбаның Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармагерлігі туралы зерттеуі, қоғам қайраткері Юрий Мурашовтың мақаласы және бірқыдыру қазақ қаламгерлерінің Әуезовке арналған эсселері, өлеңдері берілген.

Иван Дзюба «Духовне око» казахського народу» - «Қазақ халқының «рухани жанары» атты мақаласында алдымен Мұхтар Әуезов роман-эпопеясының бас қаҺарманы етіп Абай Құнанбаевты не себепті алғанын    украин оқырманына түсіндіре кетуді жөн көрген. - Әр  халықтың тарихында, деп жазады ол, оның жан дүниесі, өткен жолы, адамдық байлығы, даралық қасиеті бір үлкен перзентінің бойына жинақталды. Кейде ол мемлекет қайраткері, кейде дана ақын болуы мүмкін. Украинаға - Тарас Шевченко, поляктарға – Адам Мицкевич, орыстар үшін Александр Пушкин, латыштарға – Ян Райнис қандай ардақты болса, қазақтар үшін Абай Құнанбаев та сондай айырықша ардақты...

Осылай дей келе, академик Дзюба жоғарыда тақырыпта келтірілген, тырнақшаға алынған «халықтың рухани көз жанары» деген тіркес Мұхтар Әуезовтікі екенін айтып, енді оның «Абай – зрячее око, чуткое сердце, Абай – мудрость народа...» деген белгілі сөзін толық келтіреді. Мұхтар Әуезовтің тарихи эпосы – Абайдың рухани өмір баяны екенін, сол арқылы жазушы қазақ халқы тірлігінің бар кезеңінің шалқар панорамасын жасағанын атап көрсетеді.        

Украиндық зерттеушілер де жазушы, әдебиет және фольклортанушы  ғалым Мұхтар Әуезовтің сан қырлы, сан сырлы кемеңгер творчествосы бүкіл әлем әдебиетінің асыл қорына қосылған  бай  қазына деген қорытынды жасайды.  

 

*  *  *

 

Мұхтар Әуезов - әлемдік тұлға. Ол - кеудемізге достық шырағданын жағушылардың бірі.   

Міне, бұл Ресей мен ТМД елдері ғалымдарының өз оқырман жұртшылығы атынан   айтқан біз үшін бек қымбат лебізі еді.

Анастасьев, басқа да алыс-жақын шет елдік ғалымдардың еңбектерінде Әуезов шығармагерлігінің бағалануын жинақтағандағы ой-пікір бір кезде, дәлірек айтсақ 1945 жылдың бас шенінде, бұдан алпыс жылдан астам бұрын көрегендікпен айтылған түйінге  саяды.

«Абай» - әрі шын мағнасында қазақ халқының шын өмірінің шын бейнесін көрсете алған ұлттық роман, әрі қай мәдениетті елдердің жақсы деген қай романымен болса да салыстыруға болатын роман» [10].

Кім айтты дейтін емес. Артық сөз шығындамайтын, не айтса да мағнасын дәл түсіретін, алысты тап басатын болжағыш дана, маңғаз стильді майталман жазушымыз Ғабит Мүсрепов.

ХХ ғасырдың орта белінде айтылған Мүсрепов сөзін енді бүкіл Ресей және ТМД елдерінің сұңғылалары растап, ғылыми дәлелді зерттеулерімен бекітіп отыр.

Ғабит Мүсрепов көрегендігі, әрине, нақтылы, даусыз деректен туындады.

Бірінші дерегі, туысқан республикалар мен шет ел жазушыларымен таныстығымыз. Шекспир, Бальзак, Толстой, кеңес жазушыларының Шолохов бастаған марқасқалары – бәрінің шығармаларымен оқырманның қалың бөлегі таныс болатынбыз. Солармен «Абайды» салыстырғанда оның ешқайсысынан кем соқпайтынына көзіміз жетіп, мақтаныш сезімге бөленетінбіз. 

Екінші дерегі - орыс тіліне аударылысымен роман-эпопея жедел-қабыл өзге республикалардағы бауырластар тіліне, шет елдерде тәржімелене бастаған. Сол кезде ғой қазақ сынында «Абай» романы туралы «Одақ көлемінде, қала берді шет елге әйгілі» деген тіркестің пайда болғаны.

Үшінші дерек – Мұхтар Әуезовтің өз творчестволық лабораториясына байланысты  айтқан сырына иек сүйейді. «Абай жолын» жазу үстінде ұлы суреткер орыс және шет ел жазушыларының тарихқа із қалдырған тұлғалар хақындағы романдарына тағы да бір көз сүзіп өткен. Андре Моруаның Байрон, Юрий Тыняновтың Пушкин туралы шығармаларының жетістіктерін ғана емес, кемшін, осал тұстарын електен өткізген. Творчество адамының халық өмірінен қол үзгені оған ерсі көрінген. Ондай кемшілікті қайталмауды  ойлаған. Сөйтіп қазақ суреткері шет елдің озық үлгісінен үйрену деген ұғым аясын кеңейте түскен. Не кереметке  сын көзбен қарау керектігін ұдайы жадында ұстаған.

Шет елден үйрену дегеніміздің қыр-сыры Әуезов түсінігінде олар не істесе, біз де солай істейік, қалыспайық дегеннен мүлде өзгеше екендігі мына бір ескертпеден де байқалады.

«Скажем, обращаясь к изображению жизни Байрона у Моруа, который описывает взаимоотношения  поэта с его сестрой Августой, сделавшиеся в свое время предметом сплетен и причиной травли Байрона аристократией, я раздумывал над тем, как нужно относиться к подобного рода биографическим фактам, в какой мере и целесообразно ли вообще отражать их в художественном произведении» [11].

«Я раздумывал...» - мен көп ойландым... Бұл - салыстыру компоненті. Салыстыру мақсаты біреудің мүлкін еншілегенді қаламайды. Саптама етігіңді, бастағы тымағыңмен қоса лақтырып таста деген де сөз емес. Қайта оқшау ерекешелігіңді суретте. Сыртқы киім киісіңнен гөрі ішкі қазақы ерекшелігің тіптен қымбат. Сол туралы ойланған жазушы, романда Абай ақын жанын, рухани өмірін  суреттеу арқылы қазақ ұлтын, оның ар жақ-бер жақ тарихын  асқан шеберлікпен танытқан. Биік үлгіден  сабақ алғандық деп осыны айтсақ керек.                            

Анастасьев және ТМД елдерінің ендігі ғалымдары жаңа тәуелсіздік мінберінен сөйлеп, Михаил Шолохов, Александр Фадеев, Николай Погодин, Всеволод Иванов, Николай Тихонов,  Леонид Соболев, Константин Симонов, Мехти Гусейн, Айбек, Берды Кербабаев,  Тұрсынзаде, Шыңғыс Айтматов секілді кеңес әдебиетінің ірі өкілдерінің «Мұхтар Әуезов – ХХ ғасырдың ұлы жазушыларының бірі» деген тезисін үстемелей түскенін қазақ деген елдің елдік менталитетін көрсете білгендігін мойындағандық деп түсінеміз.

Анастасьев, басқа да ғалым-сыншылар өз талдауында Әуезовты партаға отырғызып, кезекті мұғалімнің аузына телміртіп қаратып қоймайды. Тіпті «Европалық озық әдебиеттердің піскен, сыналған үлгісімен жазылған роман» [12] деу де екіұшты түсінікке апаруы мүмкін. Біздің даламыз – ашық дала. Оның батыс, шығыс, терістік, оңтүстігінен әртүрлі жел есіп тұрады. Және бірыңғай «мәдени леп» (Анастасьев) емес. Ішінде берекеңді алатындары, байқамасаң көтеріп әкетіп жарға жығатын дауылы да жеткілікті.

Анастасьев секілді ғалымдар қазақ суреткерінің шығармаларын Шекспирден бастап Джек Лондон, Ромен Роллан, Эрнест Хэмингуей, Уильям Фолкнер, Томас Манн, Джозеф Конрад, Владимир Набоков, т.б. батыс жазушыларының туындыларымен қатар қойып сынап салыстырғанында жеткен нәтижесі бүгінгі қазақ жұрты қанағат ететін қорытындыға ойысады.    Абайдың рухани өмірін суреттеу жолымен халық өмірінің аспан дүниесіндей шетсіз-шексіздігін, теңіздей тереңдігін көрсеткен ұлттық романға  мақтаныш етулеріңізге әбден болады. Сондығымен де ол әлемдік озық әдебиет өресіндегі шығармалардың қатарынан лайықты орнын алып тұр дейді.

 

Әдебиеттер:

 

1.  Жұлдыз. – 2007, 8 тамыз.

2. Һttp://www.kazpravda/print. 11. 01. 2008.

3. Николай Анастасьев. Трагедия триуфатора. – Алматы: Атамұра, 2007.

4. Мұхтар Әуезов. Шығармалар. Он екі томдық. 1 т. – Алматы: Жазушы. – 50 б.

5. Ш.Елеукенов. От фольклора до романа-эпопеи. – Алма-Ата: Жазушы, 1987. – С. 163-171.

6. Стефан Цвейг. Собрание соч. в семи томах. Т.7. – Москва: Правда, 1963. – С.118.

7. Шашкова Л. Хранитель огня. – Алматы, 2006. – С.179.

8. «Мухтар Ауэзов - великий писатель и гуманист». – Алматы: Ғылым, 1997. –С. 59.

9. Творець вічних ценностей. – Киів:Саrtel, 1997. – С.7. 

10. Социалистік Қазақстан. – 1945, 16 январь.

11. Вопросы литературы. – 1959. – № 6. – С.95.

12. Ғабит Мүсрепов. Суреткер парызы. – Алматы: Жазушы, 1970. – 174 б.

Прочитано 793 раз
Авторизуйтесь, чтобы получить возможность оставлять комментарии