Вторник, 22 05 2018
Войти Регистрация

Login to your account

Username *
Password *
Remember Me

Create an account

Fields marked with an asterisk (*) are required.
Name *
Username *
Password *
Verify password *
Email *
Verify email *
Captcha *

Диар Қонаев. Мұражай тарихы және жұмыс барысы

Құрметті қонақтар, қадірлі достар! Туысқан елдің ыстық сәлемін ала келген мәртебелі меймандар!

Бүгін қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін аса жарқын, сәулелі де ерекше күн. Осы сәтті сіздермен бірге қарсы алып отырғанымызға шексіз қуаныштымыз. Бұл күннің ерекше болатыны, ол – әрбір қазақ баласының жүрегінен орын алған, халқымыздың сүйкімді де сүйікті перзенті, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің мемориалдық музей үйінің ашылу салтанатына 50 жыл толу мерекесін атап өту сәті. М.Әуезовке қатысты өткізілетін үлкенді-кішілі мәдени шаралардың біз үшін бәрі де қымбат. Алайда, соның ішінде бүгінгі мереке айтарлықтай ерекше, қоғам үшін мақсат-мәні зор оқиға. Өзінің ауқымы жөнінен де бүкіл елімізге белгілі мәдени шара деп білемін.

Қазақ КСР Министрлер кеңесінің №10 қаулысымен Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімін ел есінде мәңгі қалдыру үшін оған музей ашу туралы шешім 1961 жылы 15-тамызда қабылданды. Әдебиет пен мәдениетке мемлекет тарапынан жасалған айрықша қамқорлық осы құжаттан бастау алады.Маңызды мемлекеттік қаулыға енген осы шешім кейін елімізге белгілі мәдениет орнының құрылып жұмыс істеуіне, жазушы мұрасына елдік тұрғыдан қамқорлық жасалуына негіз болды.

Бұл біздің елімізде мәдениетке жасалатын шынайы қамқорлықтың жемісі. Осы шешімге сәйкес жазушы музейі ұйымдастырылып, оның қызметін жолға қойып, оны әрдайым шынайы қамқорлыққа алу әлі күнге өз жалғасын тауып  келеді. Әдебиет пен мәдениетке деген мұндай қамқорлық – тек дамыған, алдыңғы қатарлы елдерде ғана кездесетін биік адамгершіліктің көрінісі екенін айтпай кетуге болмайды.Осы қаулыдан кейін араға екі жыл салып, 1963 жылғы 28-қарашада М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей үйі өзінің алғашқы келушілеріне есігін салтанатты жағдайда айқара ашты.

Мұның бәрі ресми түрде, тиісті орындардың қаржылай көмегімен, ұйымдастыру шаралары айрықша ыждахаттылықпен ойластыра отырып жүргізілді. Бұл шын мәнінде ұлы жазушыға деген шынайы ел құрметінің белгісі еді. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғұлама ғалым, қай ортада да беделді қоғам қайраткері ұлы жазушы Мұхтар Әуезов осындай құрметке шын мәнінде лайықты жан еді.

Бұл үйді жазушы өз қаражатына салдырып, 1951-61 жылдары осында тұрып жұмыс істеді. Үйдің жобасын архитектор Г.Герасимовпен бірге, өзінің де пікірін енгізе отырып, эскизін сызуға көмектесті.Осы үйдегі жұмыс бөлмесінде жазушы әйгілі «Абай жолы» романының 2-3-ші томын, «Өскен өркен» романын, әдебиет тарихы жайлы, фольклор туралы зерттеулерін, абайтану саласындағы еңбектерін жазды. Қазақ әдебиетінің басқа елдермен тарихи байланысын анықтады, қоғамдық әрі ұстаздық қызметпен айналысты.

Бұл кезеңде М.Әуезов Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтында қазақ әдебиетінің тарихына арналған күрделі еңбектерге жетекшілік етті. ҚазақКСР Ғылым академиясының құрамына мүше болып, төралқа құрамында академик Қаныш Сатпаевпен бірге жауапты қызметтерге атсалысты.

 Музейдің ашылу салтанатына Қазақ КСР Ғылым Академиясының басшылары да ерекше қамқорлық көрсетті. Дайындық жұмыстары кезінде музейге Академия Президенті Қаныш Сатпаев жиі келіп жұмыс барысымен танысты, музейдің көрме залындағы экспонаттарға бұрынғы әдебиет жайлы еңбектерді көбірек қоюға кеңес берді. Әдебиет және өнер институтының директоры М.Базарбаев та араласып отырды.

Музейді жабдықтау жөніндегі негізгі жұмыстарға жазушының туған қызы Ләйла Мұхтарқызы Әуезова  басшылық етті. Ол өз өмірінің 30 жылын осы музейдің ұйымдастырушылық қызметіне арнады. Алғашқы күннен осы істің басы қасында болған белгілі сыншы Баламер Сахариев, Мұратбек Бөжеев, белгілі актер Қалибек Қуанышбаевтың баласы Әндібек Қуанышбаевтар ұзақ жылдар осы жерде мәдениет қызметіне еңбек сіңірді. Бұдан кейін де әр жылдарда осында әр кездері қызмет еткен М.Мырзахметов, З.Серікқалиев, К.Сыздықов, Б.Майтанов, Т.Әкім, Т.Жұртбаевтар қазақ ғылымы мен мәдениетіне елеулі үлес қосты. Бұдан кейін де музейдің еңбек ұжымында есімдері елге белгілі бірнеше ұрпақ өкілдері қатарласа еңбек етті.

Музейдің тұрған үйі, оның материалдық бұйымдары, қолжазба мұрасы, жазушының жеке кітапханасы музейдің экспозициялық негізі болып есептелетін аса бағалы құндылықтар. Қаламгердің бай кітапханасы мен баға жетпес қолжазба мұрасын жазушының зайыбы Валентина Николаевна Әуезова Академия құрамындағы Әдебиет және өнер институтына сыйлық ретінде тарту етті. 1962 жылғы 14 мамырда бұл туралы келісім шартқа қол қойылды.

Музейде көрерменге қымбат экспонаттардан өзге түрлі көрме залдары жасақталып, әр кезеңдерге сәйкес ол өзгертіліп отырды. Мұнда алғаш рет көрме-экспозициялық залда суретші Н.Александровтың жобасымен жасалған жоба қойылып, ол 10 жылға тарта көрермендер назарында болды.

Музейдегі қажеттіліктердің өсуіне орай екінші көрме 1973 жылдары жасалып, оған ас үй мен үшінші қабаттағы ұйықтайтын  бөлмелер  қосылды. Аталған бөлмелерде қойылған экспонаттар мемориалдық қызмет атқарумен бірге көрме залында да көрсетілді.

Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге М.Әуезовтің шығармашылығын зерттеу жаңаша сипат алды. Көптеген бұрын белгісіз, айтылмайтын деректер анықталды. Жаңа өзгерістер музей қызметіне де тың өзгерістер әкелді. 1994-97 жылдары музей ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, кеңейтілген көрме залы салынды. Онда М.Әуезов өмірінің балалық кезінен бастап барлық кезеңдерін қамтитын құжаттар мен қызықты экспонаттар, қаламгердің жеке бұйымдары мен алған наградалары, кітаптарының 50-ден астам тілдеріне аударылған мұқабалары, шет елдерден әкелген бағалы сыйлықтары қойылды. М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде өткізу жөніндегі Юнесконың шешіміне сәйкес даярлық жұмыстары қызу жүргізілді.

Осы оқиғаға сәйкес мемориалдық музей жөнделіп, уақыт талабына сай қайта жабдықталып өзгертілді. Жаңа көрме залының ашылу салтанатына еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаев келіп, жиында қазіргі әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жай-жапсары туралы сөз сөйледі. Құрметті келушілер кітабына ел президенті өзінің пікірін жазып қалдырды.

1997 жылдан бастап М.Әуезовтің 50-томдық толық шығармалар жинағы әзірленіп, баспадан шыға бастады. Музей мен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты қызметкерлерінің атқаруымен 2011 жылы жазушының академиялық толық жинағын шығару аяқталып, бұл оқиға еліміздегі болған ірі мәдени шара ретінде аталып өтті.  

М.Әуезов мұражайы жазушының өмірі мен қызметін зерттеуге арналған іргелі мекеме болып алғашқы кезден-ақ М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлімі ретінде қызмет істеді. Мұнда қазір жазушының шығармашылық өмірбаяны жөнінде зерттеу жүргізіліп, ескі қолжазбалары бейне таспаларға, жаңа сипатты техникалық жағдайға көшірілуде.

Музей ұжымы өзінің 50 жылдық мерекесіне лайықты, мол табыстармен қарсы алып отыр. Бүгінде Қазақстан жайында жазылған қандай анықтамалық пен энциклопедиялық еңбектерде музей туралы жазылған көлемді де салмақты еңбектерді көреміз. Онда тек музей тарихы ғана емес оның халыққа көрсеткен қызметі, М.Әуезов еңбектерін жинақтау мен жеткізу, зерттеу мен басып шығарудағы күрделі қызметтерімен бірге осы арқылы елімізге есімі белгілі болған ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің аты-жөндері кездеседі.

Уақыт алға жылжыған сайын әрбір ұрпақ үшін жазушы мұрасының қаншалықты қымбат екенінекөз жеткізеді. М.Әуезовтің әр шығармасы,әрбір басылымы, кинолары мен пьесаларының қойылымы жас ұрпақ үшін айтарлықтай оқиға. Қаламгер өмірі өз шығармаларында қаншалық ыстық та сұлу көрінсе, өмір жолы да соншалықты бай әрі сан қилы белестерге толы. Ойшыл да саңлақ жазушының туындылары, ұстаздық өнегесі, өмір жолындағы істеген істері қаншалықты мол мағыналы болса, оны сақтап халқымызға жеткізудің өзі биік мәдениетті қажет ететін, қиын да күрделі, мәртебелі қызмет. Міне осындай қызық та қиындығы мол міндет жүктелген елімізге белгілі мәдениет орны – Мұхтар Әуезовтің мемориалдық мұражай үйі өзінің 50-жылдық мерекесі күніне лайықты тартумен, нәтижелермен келді.

Осы мереке қарсаңында музей тарихына арналған фото альбом шығарылып, жаңа буклет жарық көрді. Мерейтойға қарсы музей ғимараты жөндеуден өткізілді. Бүгінгідей жарқын мерекені қарсы алуға қаржылай үлкен көмек көрсеткені үшін институт директоры, Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Уалихан Қалижанұлы мырзаға ерекше алғыс білдіргім келеді. Музейді кешегісі мен бүгінгі істерін айтып беру қызықты да мағыналы, бірақ ол оңай іс емес. М.Әуезовтің музейі туралы білу, оның сан-салалы қызметін ғылыми терең бойлап айтып беру деген сөз. Бұл сәулелі де жолы нұрлы ұлы жазушының өзі туралы айтып беру деген сөз. Арада елу жыл өтсе де оның көптеген туыстары мен ұрпақтары, ізін жалғастырушы қаламгерлер мен ғалымдар осы жазушының мұражай-үйіне келіп рухына тағзым етіп, талантына бас иеді. Ауласында табанының ізі қалған, қабырғасына дауысы сіңген, мүліктеріне қолының таңбасы қалған, осында ауасымен тыныстап, өмірінің он жылында жазу жазған столында қаламының табы бар үйдің замандастары үшін маңызы зор.

Олар бұл орынды қазақ руханиятының Меккесі деп қабылдайды. Өмір сүрген заманы алыстаған сайын жазушы рухы ұрпақ жүрегіне жақындай түсіп, оның мұрасына деген ел ықыласы, оқырман қызығушылығы бәсеңдемей өсе түскенін көру біз үшін зор мәртебе. Бұл алдағы уақыт бізге бұдан да жауапты міндеттер жүктейді. Ал ұлы жазушының музей қызметкерлері мен зерттеушілері оны әрқашанда абыроймен орындайды деп сенемін.

Прочитано 489 раз
Авторизуйтесь, чтобы получить возможность оставлять комментарии